Атырау облысында мал қағу қаупі жоғары тасжол учаскелері аталды
Атырау облысында мал қағу қаупі жоғары тасжол учаскелері аталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараусыз жүрген малдың автожолға шығып кетуі жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді. Атырау облысының полициясы мал жиі кездесетін әрі жол-көлік оқиғалары тіркелген тасжол учаскелерін атап, жүргізушілерді сақтық шараларын күшейтуге шақырды.
Жыл басынан бері облыс аумағында малдың қатысуымен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 22 адам түрлі дене жарақатын алған.
Малдың жолға шығу қаупі әсіресе Құрманғазы, Исатай, Мақат аудандары мен Сағыз, Доссор елдімекендерінің маңындағы автожолдарда байқалады. Атап айтқанда, Атырау–Астрахань тасжолының төмендегі учаскелері қауіпті саналады:
- 635-шақырым – Байшақа ауылы;
- 673-шақырым – Х. Ерғалиев ауылы;
- 710-шақырым – Жанаталап ауылы;
- 775-шақырым – Зинеден ауылы;
- 797-шақырым – Құрманғазы ауданының шекарасы;
- 820-шақырым – 8-бекет тұсы;
- 879-шақырым – Күйген ауылы.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция департаменті NCOC мекемесімен бірлесіп, малға жарық шағылыстырғыш ленталар тағу жұмыстарын ұйымдастыруда. Сонымен қатар қауіпті учаскелерге 72 ескерту белгісі орнатылды. Оның 50-і облыстық, 22-сі республикалық маңызы бар жолдарға қойылған.
Шаруа қожалықтарының өкілдерімен, жергілікті әкімдіктермен және ауылдық округтермен бірлесіп, мал иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Төрт түлікті қараусыз қалдырмау, оның автожолдарға шығып кетуіне жол бермеу қажеттігі ескертіледі.
Сондай-ақ тасжол бойындағы асханаларға, мейрамханаларға және өзге де нысандарға арнайы QR-кодтар орналастырылған. Оларды сканерлеу арқылы жүргізушілер қауіпті жол учаскелері мен сақтық шаралары туралы ақпарат ала алады.
Полиция жүргізушілерге елдімекендер мен мал жайылатын аумақтарға жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, жол жиегін мұқият бақылауды ескертеді. Жолда мал кездескен жағдайда жылдамдықты бірқалыпты бәсеңдетіп, рөлді күрт бұрмау қажет.
Ал мал иелерінен төрт түлікті қараусыз қалдырмай, автожолдарға шығуына жол бермеу сұралады.
Жолдағы сақтық – адам өмірін сақтайды.
