Атырау облысында мотоцикл жүргізушісі жол-көлік оқиғасын жасады
Атырау облысында мотоцикл жүргізушісі жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілі келісімен қала аумағында скутер, мотоцикл сияқты көлік түрлері көбейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп жағдайда бұл көлік түрлерін жас жүргізушілер пайдаланады. Бұл жүргізушілер қарапайым жолда жүру ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады.
Мәселен,12 сәуір күні сағат 16:00 шамасында 20 жастағы жігіт басқаруындағы Racer мотоциклімен Атырау – Дамбы тас-жолы Жаңаталап ауылында орналасқан мейрамханалардың бірінің тұсында екінші дәрежелі жолдан шығып, басты жолда келе жатқан Lada Granta көлігіне соқтығысқан.
Соқтығыс салдарынан мотоцикл жүргізушісі әртүрлі дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта тиісті іс-құжаттар жинақталуда.
Осы орайда атыраулық полицейлер мотокөліктермен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында мотоцикл, скутер, мопед жүргізушілеріне жылдамдықты асырмай, жол жүрісі ережесін қатаң сақтауларын ескертеді.