Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында ТЖ режимі кезінде 254 әкімшілік хаттама толтырылған

Атырау облысында төтенше жағдай режимі кезінде 254 әкімшілік хаттама толтырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 5 қаңтардан бастап елімізде төтенше жағдай
енгізіліп, коменданттық уақытпен сағат кешкі 23.00-ден таңғы 07.00 аралығына шектеу қойылды.

Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап облыс аумағындағы барлық маңызы бар стратегиялық объектілердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Облыс орталығының аумағы бойынша төрт блокпост және Теңіз кең орнында бір блокпост қойылып, автокөліктерге тексеру жұмыстары жүргізілді. Комендаттық уақытты сақтауда жүйелі түрде рейдтік іс- шаралар жүргізілді. Қаладағы алты көпірдің екі жағынан 12 блок-бекет қойылды.

Коменданттық режимді бұзу бойынша 254 әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік қамауға 46 адам алынды, 19 тұлғаға айыппұл салынып, 117 тұлғаға ескерту берілді.

Төтенше жағдай талаптарын орындамаудың екі фактісі анықталып, жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында алкогольдік ішімдіктерді сатумен айналысқан алты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Төтенше жағдай кезінде облыс орталығында қоғамдық тәртіпті сақтауға полиция қызметкерлерімен бірге өз еріктерімен 97 қоғамдық тәртіп сақшылары өз үлестерін қосты. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлері 100% одан әрі күшейтілген режимде қызмет етуін жалғастырады. Енгізілген төтенше жағдайға, шектеу талаптарына жергілікті тұрғындардың түсіністікпен
қарағандарына алғысымды білдіремін. Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сай, бүгіннен бастап облыс аумағында жедел жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы басталды, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру