Атырау облысында жыл басынан бері жасөспірімдердің жоғалуына қатысты 365 дерек тіркелді
Атырау облысында жыл басынан бері жасөспірімдердің жоғалуына қатысты 365 дерек тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі қоғамның сан салалы дамуы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қырағылықтың да кәсібилігін қатайтты десек қателеспейміз. Өйткені, заманына қарай адамы демекші қазір қауіптің қайдан келерін болжап білу қиынырақ.
Соңғы жылдары елең ете қалатын жәйттердің бірі адамдардың із-түзсіз жоғалуы, балалардың жоғалуы. Мұндай хабарламалар түскен кезде көпшіліктің назарына ілігетін нәрсе ол әлеуметтік желідегі фотосуреттер мен бағыттамалар, полицейлер мен еріктілердің іздеу әрекеттері. Алайда адам жоғалу дерегін криминалдық полиция бөліністерінің жедел уәкілдері қылмыс ашқандай зерделейтінін көпшілік біле бермейді.
Мәселен, жедел уәкілдердің айтуынша адам жоғалу дерегі тіркелгенде алдымен қылмыс құрамын саралайды. Ол адамды ұрлап әкетті ме әлде ренжісу немесе өзге фактор әсері болды ма деген мәселелер анықталады. Ол адамның мінез құлқы мен денсаулығына қатысты сауалдарға жауап алынады. Басты мақсат – деректерді негізге ала отырып жоғалған адамды табуды жеделдету.
– Көпшілік үшін криминалдық полиция қызметкерлері қылмыскерді ғана іздейді. Алайда із-түзсіз жоғалған адамдарды да іздестіру жұмыстарын да криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері бақылауға алып жүзеге асырады. Қазіргі таңда бұл бағытта жасөспірімдердің жоғалуы басты назарда дер едім. Мүмкіндіктер көп қоғамда олардың қауіпсіздігі алаңдатады. Әсіресе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің отбасында ата-анасымен келіспей тұрғылықты мекен-жайынан белгісіз бағытқа кетіп қалуы кезінде кезек күттірмей қала аумағындағы барлық бейнекамералар бойынша іздеу басталады. Сондай-ақ жасөспірімнің әлеуметтік желідегі парақшалары зерделенеді. Көп жағдайда ата-аналардың өз баласының араласатын ортасын білмеуі, кей жағдайда тұрғын жайынан қандай киіммен шыққанын білмеуі де кездесіп жатады.
Жасөспірімдердің жоғалуы көп жағдайда аз уақыттың ішінде қоғамдық резонанс тудырады. Мәселен жыл басынан бері мұндай 365 дерек тіркелді. 351-і тәулікке жеткізілмей аман-сау табылып, үйіне жеткізілген. Ал, қалғаны 1-2 күн ішінде анықталды, өкінішке орай бір жасөспірім өз-өзіне қол салып өзеннен өлі денесі табылды. Жалпы, қазіргі таңда департамент қызметкерлерінің іздеуінде 16 із-түссіз жоғалған азаматтың ақпараты бар. Оларың кейбіреуі 2015-ші жылдардан бері іздеуде тұр. Басым бөлігі ер адамдар. Олардың ақпараты республикалық жоғалғандар базасына енгізіледі және тұрақты басылым беттерінде жарияланып тұрады. Анықталған қандай да бір ақпарат болса бірден тиісті іс-шаралар қабылданады, – деді Атырау облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Фархад Ислямов.