Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысының полицейлері балалар ауылына барды

1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР ІІМ Атырау облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшылығы және жеке құрамы Атырау облысының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйіне барып, қайырымдылық іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жыл президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығымен «Балалар жылы» болып жарияланды. Осы орайда балаларды қорғауға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын оңалтуға және де ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше көңіл бөлінуде.

Атырау облысының полиция қызметкерлері балалардың көңілін аулау мақсатында аниматорлар мен танымал мультфильм кейіпкерлерінің қатысуымен көңілді шоу ұйымдастырып, өз қолдарымен сол жерден түрлі тағамдарды дайындай отырып, мерекелік дастархан әзірледі. Сонымен қатар, балаларды түгелдей дерлік жазғы аяқ киіммен қамтамасыз етіп, балаларға құнды сыйлықтар мен мекеменің қызметкерлеріне ата-анасынсыз қалған балаларды тәрбиелеу кезінде өз үлестерін қосқаны үшін алғыс хаттармен марапаттады.

– Келе жатқан 1 маусым – Балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Балалық шақ – есімізде мәңгілікке жарқын бейнелерімен қалатын ең бақытты шақ. Бүлдіршіндеріміздің балалық шағы ұмытылмастай болып естерінде қалуы біздерге, үлкендерге байланысты. Бұл мереке – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты етіп өткізуге құқылы, сондықтан біздер балалардың денсаулығы мықты боп, сапалы білім алуына, балалардың қауіпсіздігінің жоғары деңгейде болуына атсалысуымыз қажет, – деді ҚР ІІМ Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының орынбасары Бердах Артыков.

Атырау облысының отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінің директоры Гульсара Ботатаева өз кезегінде полиция қызметкерлеріне қолдау көрсеткендеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру