Атырау қаласының тұрғыны павлодарлық полицейлерге алғысын білдірді
20 қаңтарда Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің атына Атырау қаласының тұрғынынан алғыс келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзінің алғысында атыраулық азамат Павлодар облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының инспекторлары Руслан Верещак пен Азамат Шақшабаевқа алғысын білдірген.
2021 жылғы 6 қаңтарда Павлодар облысы Екібастұз қаласының сыртындағы тас жолмен келе жатып, менің көлігім күтпеген жерден бұзылып қалды. Қанша талпынғанмен, көлікті өз бетімше жөндей алмадым. Жолда өтіп бара жатқан ешбір көлік көрінбеді. Жағдай күрделене түсті, өйткені аяз -40 градусқа жетіп, менің өміріме қауіп төнді, – деді ол.
Патрульдік полиция ротасы взводының командирі Естай Сәбиттің айтуынша, бұл уақытта жолды полицейлер патрульдеген. Тұрған көлікті байқап, олар дереу көмек көрсете бастаған.
Тәртіп сақшылары Атырау тұрғынының көлігін сүйретіп, жақын жердегі жылы боксқа дейін жеткізіп, көлікті жөндеуге көмектескен.
Менде ешбір үміт қалмады, бірақ Павлодар облысының полиция қызметкерлері көрсеткен көмек пен қамқорлықтың арқасында мен осындай қиын жағдайдан құтқарылдым. Үлкен рахмет! Тәртіп сақшыларына сәттілік, мықты денсаулық, жақсылық тілеймін, – деді алғыс білдіруші азамат.