Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда 11 жылын түрмеде өткізген 63 жастағы азаматша бостандыққа шықты

Атырауда есірткі сатқаны үшін 11 жылын әйелдер колониясында өткізген 63 жастағы азаматша бостандыққа шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Жамбыл облысында туған Рабиға Тараз қаласында есірткі сатумен айналысқан. 2010 жылы Тараз қаласында героин сату кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің көзіне түсіп, сот үкімімен 15 жылға сотталып, мүлкі тәркіленген. Сотталғаннан кейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жазасын өтеп, кейін Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесіне жеткізілген.

– Аталған азаматша мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Оған қажетті құқықтық-әлеуметтік көмектер көрсетіліп, күтіп алуға туыстары шақырылды. Ол жаза өтеу барысында құқық бұзушылықтарға жол берген жоқ. Оны әрі қарай бақылау үшін оған қатысты мәліметтер Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне жіберілді, – дейді УГ-157/11 мекемесі бастығының орынбасары Медет Аджикулов.

Рабиғаның айтуынша, ол бірден Тараздағы үйіне қайтып, туыстарымен кездеспекші. Содан кейін Тараз қаласын аралап, өзі түрмеде болған кезде дүниеден өткен туыстарының бейітіне құран бағыштамақшы.

– Мен 11 жылда көп нәрсе жоғалттым. Жасаған қылмысыма өкінемін. Немере-шөберемді ойнатудың орнына жылдар бойы түрмеде отырдым. Мекеме қызметкерлері менен ақыл-кеңестерін аяған жоқ. Қалған өмірімді тыныштықта өткізгім келеді, – деді Рабиға.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру