Атырауда 192 адам отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылды
Атырауда төрт күн ішінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында 192 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Атырау облысы аумағындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдарды анықтау мақсатында 2021 жылғы 26 ақпан – 1 наурыз аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Іс-шара барысында ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған азаматтарға қадағалауды күшейту мақсатында оларды мекенжайлары бойынша тексеруге және отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында қылмыс жасауға бейім адамдарды дер кезінде анықтап, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қою мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған адамдар тұратын 1162 мекенжай тексерілді. Отбасылық жанжалға қатысты 53 арыз келіп түсті.
Сонымен бірге, іс-шара барысында 94 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 7 тұлғаның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. 192 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.