Атырауда 300-ден астам алаяқтық жайтына қатысы бар ер адам анықталды
Атырауда 300-ден астам алаяқтық жайтына қатысы бар ШҚО тұрғыны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері республика көлемінде өтіп жатқан «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде банк сайты арқылы өзгелердің атынан онлайн-несие рәсімдеген Шығыс Қазақстан облысының 29 жастағы тұрғынынын анықтап, ұстады.
Анықталғандай, жігіт микроқаржылық мекемелер арқылы интернеттен кездейсоқ адамдардың мәліметтерін тауып алып, бірнеше ай бойы олардың атынан онлайн-несие рәсімдеп келген. Несие мақұлданғаннан кейін ол өзіне Kaspi Bank, Halyk bank банкоматтары арқылы ақшаларын алып отырған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше алаяқтық жасады деген күдікті Семей қаласынан ұсталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлімі, 4-тармағы, ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде, – деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Полицейлер күдіктінің жалпы 300-ден астам алаяқтық жайтына қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі бірнеше миллионнан астам теңгені құрады.
Күдікті қазіргі уақытта Семей қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.