Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда Әйелдер күштері альянсы мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

Атырауда Әйелдер күштері альянсы мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында Әйелдер күштері альянсының бастамасымен «Мен айтамын» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл басқосудың негізгі мақсаты – әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ оларға қатысты өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру.

Іс-шараға Атырау облыстық полиция департаментінің өкілдері, білім басқармасы, қалалық білім бөлімі, психологтар, ата-аналар, оқушылар, тәрбие және психологиялық қолдау бөлімдері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.

Кездесу барысында балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, буллинг, лудомания, ерте жүктілік сынды қоғамда жиі кездесетін күрделі мәселелер көтерілді. Қатысушылар бұл проблемалардың алдын алуда құзырлы мекемелердің қызметін күшейтудің, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Әрбір зардап шеккен адамның үнін естіп, олардың мәселелерін шешу жолдарын талқылау да шараның басты тақырыбы болды.

Шараға қатысқан Атырау облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиева жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде баяндама жасады. Ол құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында полиция тарапынан қолға алынған шаралармен таныстырып, 2-6 желтоқсан аралығында өткен «Жасөспірім. Тәртіп. Болашақ» апталығының маңыздылығына тоқталды. Апталық аясында мектеп оқушылары мен студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырылған. Бұл шаралар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Кездесу соңында мамандар мен қоғам белсенділері аталған мәселелерді шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды. Әлеуметтік проблемалардың алдын алу бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру