Атырауда аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сақтаған азамат 10 жылға сотталды
Атырауда аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды сақтаған азамат 10 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстық жайттардың алдын алу және болдырмау үшін жүргізілген жедел-профилактикалық шара барысында ағымдағы жылдың қыркүйек айында есірткі, психотропты заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында сақтаумен айналысқан Қарағанды тумасының заңсыз әрекетін әшкереледі.
Белгілі болғандай, ол әккі әрекетін іске асыру мақсатында 2021 жылдың қазан айында Атырау қаласына келген. Кейін қала аумағында есірткі мен психотроптық заттарды Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғадан сатып алып, екінші жерге жасырып жүрген.
Сотталғанның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде психотроптық заттарды орау материалдары, шыны құтылар, электрондық таразы мен түтікшелер табылып, тәркіленді.
Тағайындалған сараптама қорытындысы нәтижесінде Қарағанды тумасына қатысты Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінде қылмыстық істерді жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.