Атырауда балаларды тасымалдайтын көліктер техникалық тексеруден өткізілді
Атырауда балаларды тасымалдайтын көліктер техникалық тексеруден өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында “Қауіпсіз жол” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Шараның басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларын алдын алу.
Осы ретте Атырау қаласы аумағында балаларды тасымалдайтын оқу орындарына бекітілген автобустарға Атырау қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің жол және техникалық инспекция тобымен техникалық қарап-тексеру жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, 15 автобустың қауіпсіздік белдігі, сыртқы жарғыш шамы, тегершігі, шанағы, өрт сөндіргіш құралы, дәрі-дәрмек қобдишасы және жүргізушінің құжаттары секілді техникалық тексеру жасалып, олардың барлығының белгіленген талапқа сай екендігі анықталды.
Сонымен қатар көлік жүргізушілеріне жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.