Атырауда белгіленбеген жерден өткен 7 мыңға жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды
Атырауда белгіленбеген жерден өткен 7 мыңға жуық жаяу жүргінші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Атырау қаласының тәртіп сақшылары қала аумағында көлік жүргізушілер мен жаяу жургіншілер қауіпсіздігін сақтау мақсатында жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері жаяу жүргіншілерге арналған өткелді көре тұра, одан тыс жерден өткен жеті мыңға жуық жаяу жүргіншіні анықтады.
Олардың барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 6063 теңгеден айыппұл салынды.
Одан басқа, жаяу жүргіншілерге жол бермеген мыңнан астам көлік жүргізушілері анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабымен әкімшілік хаттама жасақталып, әр қайсысына 30 630 теңге көлемінде айыппұл салынды.
– Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, жолдардағы жылдамдықты асырмауға, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, қашықтықты сақтауға және маневр жасау ережелерін бұзбауға шақырамыз. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолды қатаң түрде белгіленген тәртіпте кесіп өтуі керек екенін еске саламыз, – деді Атырау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Даурен Насиполла.