Атырауда колледж студенттеріне арналған "Есірткісіз болашақ" атты марафон өтті
Атырау қаласындағы О.Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжінде 1-курс студенттері арасында "Есірткісіз болашақ" атты марафон өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараны Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен колледж әкімшілігі бірлесе ұйымдастырды.
Марафонға облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі М.Джангалиева қатысып, жастармен кездесу өткізіп, зиянды әдеттердің зардабы мен салауатты өмір салтының маңыздылығы жөнінде кеңінен түсіндірді.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, олардың жауапкершілік сезімін арттыру және есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру болды.
Марафон аясында студенттер өз өнерлері мен шеберліктерін спорттық және шығармашылық бағыттарда көрсетті. Қатысушылар автомат құрастыру, тирде мергендік сайысы, алғашқы көмек көрсету секілді эстафеталарда бақ сынап, "Есірткісіз өмір – жарқын болашақ!" атты викторина-конкурста өз білімдері мен ой-пікірлерін ортаға салды.
Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен және белсенділік танытқан студенттер колледж директорының дипломдары мен алғыс хаттарымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Марафон соңында ұйымдастырушылар жастарды өмірге құштарлықпен қарауға, бос уақыттарын тиімді өткізуге және ең бастысы — есірткісіз, белсенді әрі табысты өмір сүруге үндеді.