Атырауда көшеде төбелескен студент қыздардың ата-аналарына хаттама толтырылды
Атырауда 15 жастағы студент қыздардың төбелесі үшін ата-аналарына хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қазан күні әлеуметтік желіде көпшіліктің талқысына түскен жасөспірім қыздардың төбелескен бейнежазбасы тараған болатын.
Аталған бейнежазба бойынша ювеналды полиция қызметкерлері тексеріс кезінде төбелескен 15 жастағы үш жасөспірім қыз екендігін анықтады. Олар қала аумағындағы колледждердің бірінде оқитын бірінші курс студенттері.Қыздардың айтуынша, төбелес бір-бірінің намысына тиетін сөздер айтудан басталған. Ал ауыр сөздердің арты төбелеске айналған.
Үш жасөспірім қыздың ата-аналары полиция бөліміне шақыртылып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабымен (Кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттамалар жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар, тәртіп сақшылары алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған жасөспірімдер оқитын колледждің студенттеріне олардың ата-аналарының және мұғалімдерінің қатысуымен профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп, жиналыс өткізді.