Атырауда көші-қон заңнамасын бұзудың 1 514 фактісі анықталды
Атырауда көші-қон заңнамасын бұзудың 1 514 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 1 514 фактісі анықталды
– Полиция қызметкерлері іс-шарада өткізілген 10 күннің ішінде Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзудың 1 514 фактісін анықтап, құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның ішінде шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған ҚР ӘҚБтК-нің 517 бабы бойынша 1 185 шетелдікке әкімшілік шаралар алынды.
Көші-қон заңдылықтарын бұзғаны үшін сот шешімдерімен 61 шетелдіктерді елден шығару жұмыстары ұйымдастырылып, оның ішінде 16 шетелдікті (15 Өзбекстан Республикасының азаматтары және бір Тәжікстан Республикасының азаматы) мәжбүрлі түрде қызметкерлердің бақылауымен Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» бақылау-өткізу бекеті арқылы шығарылды.
Оған қоса шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзған және шетелдік жұмыс күшін және еңбекші көшіп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тартқан 329 Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жеке басын анықтайтын құжаттарсыз жүрген 144 ТМД елдерінің азаматтары қабылдау-тарату орнына тапсырылды.
Іс-шара барысында заңсыз көші-қонды ұйымдастырудың екі фактісі анықталып, қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 394 бабының 1-бөлігімен сотқа дейінге тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Мемлекетаралық және халықаралық іздеуде жүрген үш адам ұсталды.