Атырауда мектеп бітірген сотталғандар аттестат алды
Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты УГ-157/9 (ерлер жазасын өтейді) және УГ-157/11 (әйелдер жазасын өтейді) қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар мекеме аумағындағы мектепті бітіріп, оларға жалпы орта білім алғаны туралы аттестаттар табысталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған жалпы мектепті бітіргендердің арасында жасы 40-тан асқан сотталған да бар. Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, мектеп бітіруші жазасын өтеушілерге аттестатты мекеме басшылығы барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, табыстады.
Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сай сотталғандарға орта білім алу міндеттеліп, жасы 30-дан асқандар арасында сауат ашудың қажеттілігі туралы тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен, 30-дан асқан сотталғандар арасында да аттестаты жоқтары кездессе, олар өз еріктерімен білім алуға өтініш білдіре алады. Жалпы, мектепті оқу кезінде жазасын өтеушілердің қызығушылығы негізінен–тарих, география, «Адам, қоғам, құқық» пәндеріне жоғары болып келеді.
Айта кету керек, биылғы жылы 11 сыныпты сотталушы аяқтады. Ресми шарадан кейін, жалпы орта білімді аяқтаған сотталушы түлектер аттестаттарын қолдарына ұстап, естелік суретке түсті.