Атырауда мүгедектерге арналған орындарға көліктерін қойған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды
Атырау қаласында мүгедектерге арналған орындарға көліктерін қойған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жерлерге көліктерін қойып кеткен жүргізушілерді анықтау үшін рейдтер өткізді.
Мұндай құқық бұзушылыққа жол берген тұлғалардың түрлі сылтаулары бар. Кейбіреулері «бұл белгіні көрмей қалдым» десе, ал басқалары «бес минутқа қою үшін басқа тұрақты таппадым» деп ақталады.
Сонымен қатар, автокөлікте «мүгедек» деген жапсырманың болуы мүмкіндігі шектеулі адамның көлік жүргізіп отырғанына кепілдік бола алмайтынын ескеру қажет. Мұндай арнайы белгіленген жерлерге мүмкіндігі шектеулі жандар ғана көліктерін қоюға құқылы.
Мысалы, 25 қаңтар күні сағат 12:03 шамасында Атырау қаласы Студенческий көшесінде орналасқан №1 емхананың жанында 41 жастағы азаматтың «Toyota» маркалы автокөлігін мүгедектерге арналған тұраққа қойып кеткені анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабының 4-бөлігімен (Мүгедектердің көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, оған 29 мың 170 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Атырау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Нұрлан Сарсенбаев.
Қала аумағында жыл басынан бері 500-ге жуық жүргізуші көлік құралдарын қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның ішінде оншақтысы көлік құралдарын мүгедектерге арналған орындарға қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айта кетейік, мүгедектігі жоқ бола тұра, көлік құралын мүгедектерге арналған орындарға қойған жүргізушілерге ҚР ӘҚбК-нің 597-бабының 4-бөлігі бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал, бір жыл ішінде қайталап жасалған дәл осы әрекет 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға әкеліп соғады.
Егер, осындай құқық бұзушылық кездескен жағдайда, уақытын, күнін, мекенжайын көрсете отырып, дәлелдеме ретінде бейнежазба немесе фотосуреттерімен бірге Атырау қаласы Полиция басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына жолдауларыңыз сұралады.