Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда ПД бастығы жас сақшыларға қауіпсіздік дәрісін өткізді

Республикалық "Жасөспірім" және "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев “Жас сақшы” сыныбының оқушыларымен кездесіп, қауіпсіздік тақырыбында дәріс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесуде жолда жүру ережелері, құқықтық жауапкершілік, жасөспірімдер арасындағы тәртіп пен полиция қызметінің ерекшеліктері сынды маңызды тақырыптар қозғалды.

— Қауіпсіздік ол баршамызға қажетті, өзекті тақырыптардың бірі. Әсіресе сендердің бүгінгі қауіпсіз балалық шақтарың үшін тәртіп сақшылары аянбай еңбек етіп жүр. Сондықтан біздің ел мен жерді қорғайтын, біздің елдің тұтқасын ұстайтын, туын көкке көтеретін болашақ үлкен азаматтары ретінде сендерге үміт артамыз. Сендер біздің жас сақшыларымыз ретінде өзге қатарластарыңа, өзге оқушыларға үлгі болып жүрсіңдер деп сенемін. Қазір облыста "Жасөспірім", "Қауіпсіз жол" деген жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Барлығының мақсаты —  қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан қоғамдық тәртіптің маңызы тереңде және жауапкершілігі жоғары екенін естен шығармаңдар, — деді өңірдің бас полицейі Нұрхат Оразбаев.

Сондай-ақ кадет сыныбының оқушылары жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесінің жұмысымен танысты. Оларға бейнекамералар арқылы құқық бұзушылықтарды анықтау тетіктері, заманауи технологиялардың қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызы туралы ақпараттар берілді.

— Облыста қызмет бабында ерлікпен қаза болған Шалқар Ақымғалиевтің құрметіне “Жас сақшы” сыныбы ашылған болатын. Сынып оқушылары үшін бұл өте маңызды кездесу болды. Мұндай шаралар балаларды тәртіпке, жауапкершілікке баулиды, — деді Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиев.

— Мен үшін бүгінгі кездесу қажетті ақпаратқа толы болды. Бізге қауіпсіздік тақырыбы түсіндірілді және бейнекамералар арқылы бақылау жүргізу барысы таныстырылды. Менің ойымша мұның барлығы қоғамда тәртіп болу үшін және азаматтарды қорғау үшін жасалуда. Жолда жүру тәртібі, қоғамда өзіңді дұрыс ұстау тәртібі мектеп кезінен басталады. Сондықтан, жас сақшылар өзге оқушыларға үлгі болуы керек деп есептеймін, — деп әсерімен бөлісті кадет сыныбының оқушысы Сағын Дария.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру