Атырауда полицейлер такси жүргізушілеріне жол қауіпсіздігі туралы ескертті
Атырауда полицейлер такси жүргізушілеріне жол қауіпсіздігі туралы ескертті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы үш жылда такси жүргізушілерінің қатысуымен 112 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 31 адам қаза тауып, 208 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында полицейлер такси қызметінде жүрген жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті. Әсіресе, жылдамдықты асырмау, жолда сақ болу, жаяу жүргіншілерге жол беру және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді мәселелерге ерекше назар аударылды.
Түсіндіру жұмыстары барысында такси жүргізушілеріне жол ережелерін бұзу салдары, оның ішінде жазатайым оқиғаларға әкелуі мүмкін факторлар туралы айтылды. Полицейлер жүргізушілерді көлік тізгіндеген кезде телефон қолданбауға, шаршаған күйде рөлге отырмауға және көлік құралдарының техникалық жағдайын тұрақты түрде тексеріп отыруға шақырды.
Құқық қорғау органдары такси жүргізушілеріне жолаушылардың өмірі мен денсаулығы олардың жауапкершілігінде екенін еске салып, жол ережесін қатаң сақтауға шақырды