Атырауда полиция департаменті азаматтарды қабылдау барысында меморандумға қол қойды
Атырауда полиция департаменті азаматтарды қабылдау барысында меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтардың өтініштеріне дер кезінде назар аудару, құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында тұрғындарды жеке қабылдау шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай кездесулер халықтың сұрақтарына жедел әрі тиімді жауап беруге бағытталған.
Кезекті жеке қабылдау барысында Атырау облысы полиция департаменті "Biz de adambyz" қоғамдық қорымен ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Құжаттың негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан босап шыққан азаматтарды қайта қоғамға бейімдеуге жәрдемдесу. Сонымен қатар қабылдау кезінде тұрғындар түрлі өтініштерін жеткізіп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.
Азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы әр сәрсенбіде тұрғындарды қабылдайды. Ал департамент бастығының орынбасарлары азаматтарды жұмыс күндері күн сайын қабылдауды жалғастырады. Қабылдауға жазылу үшін 98-20-10, 98-20-57 телефондары арқылы немесе "eOtinish" жүйесі арқылы өтініш беруге болады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Атырау облысы полиция департаменті басшылығының қабылдауында 336 азамат болды. Полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев жеке қабылдау барысында 39 тұрғынның түрлі сипаттағы өтініштері мен мәселелерін тыңдады.