Атырауда полицияға 4 рет жалған хабарлама берген оқушының ата-анасы айыппұл арқалады
Атырауда полицияға төрт рет жалған хабарлама берген оқушының ата-анасы айыппұл арқалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 наурызда кешкі сағат 21:58 шамасында Атырау ҚПБ-ның 102 операторына Баймұханов көшесінде орналасқан пәтерге мән-жайды түсіндірместен полиция қызметкерлерін шақыртқан.
Сондай-ақ, 26 сәуір күні №31 мектептің ауласында орналасқан футбол алаңында балалардың төбелесіп жүргені жөнінде полицияға екінші рет хабарлама берген. Бұдан басқа 29 сәуір күні 22:48 шамасында Байқоңыр көшесінде орналасқан ойын алаңында белгісіз адамдар автокөліктерге тас лақтырғанын хабарлаған.
30 сәуір күні көпір айналасында 14-15 жастағы оқушылар электрошокер және бөтелкелер ұстап төбелескелі жүргендігін айтып, хабарлама берген. Аталған хабарламаларды полиция қызметкерлері тексеріп, берілген хабарламалардың төртеуі де жалған екендігін анықтады.
Хабарлама берген қала аумағында орналасқан білім беру ұйымының 16 жастағы 10-сынып оқушысы екендігі анықталды.
Аталған оқиға бойынша жасөспірімнің анасы, 39 жастағы азаматшаға ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабының 1-бөлімімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) әкімшілік хаттама толтырылып, 30 АЕК көлемінде 50 пайыз жеңілдігімен 45 945 теңге әкімшілік айыппұл салынды.