Атырауда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметіне оң баға берілді
Жуырда Қоғамдық бақылау комиссиясының және Ұлттық алдын алу тетігінің өкілдері Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде болып, күдіктілерді ұстау жағдайымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Асылтек Испусинов пен Ұлттық алдын алу тетігінің өкілі Дария Ұлжағалиева бастаған топ тергеу изоляторының медициналық бөлмесін қарап шығып, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екендігіне көз жеткізді.
– Бүкіләлемдік пандемияға байланысты Атырау облысындағы барлық бас бостандығынан айыру мекемелері қажетті дәрі-дәрмек қорымен толықтай жабдықталған. Қажет болған жағдайда қосымша дәрілерді алдыртамыз. Күдікті және сотталған азаматтардан коронавирустық инфекция белгілері байқалған жағдайда оқшаулау бөлмелері мен жеке қорғаныш құралдары дайын тұр. Коронавирус пандемиясы кезінде облыстағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде коронавирус табылған жоқ,- деді Департамент бастығы Манарбек Габдуллин.
Қазіргі таңда мекемеде 200-ге жуық күдікті және шаруашылық қызметіне қалдырылған 11 сотталған азамат отыр.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында күдіктілер мен сотталған азаматтардың бөлмелері мен мекеме аумағы толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген.
Бейнебақылау камералары күдіктілердің бөлмесінен бастап, тексеру бөлмелері, тіпті ас үй мен дәліздерге де орнатылған. Сондай-ақ жаз айларында басталған камераларды жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тағы бір шара – күдіктілермен және сотталғандармен жұмыс істейтін барлық қызметкерлер бейнежетонмен қамтамасыз етілген, яғни 24 сағат бойына қызметкерлердің барлық іс-әрекеттері бейнежетондарға жазылады.
– Мекемеде отырған азаматтардан мекеме қызметкерлеріне қатысты арыз-шағымдар түссе бірден қызметтік тексеріс басталып, істің ақ-қарасы анықталады. Бұл күдікті және сотталған азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған іс. Сондай-ақ мекеме аумағына, соның ішінде сотталған азаматтарға қолжетімді жерлерге арыз-шағым қабылдауға арналған терминал қойылды, яғни кез келген адам келіп, Департамент бастығына немесе басқа да құқық қорғау органдарының басшыларына өздерінің талап-өтініштерін жеткізе алады, – деді мекеме бастығы Мейірбек Уразгалиев.
Бақылаушылар күдіктілер мен сотталған азаматтар тұратын камераларды қарап шығып, мекеме қызметіне оң бағаларын берді. Олар мекеменің толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылуы және арыз-шағым терминалының болуына ерекше назар аударды.
– Мекеме қызметінің өзгеріп жатқандығы көңіл қуантады. Тергеу изоляторының аты қорқынышты болғанымен, жағдайын жақсы деп бағалаймыз. Осылайша ғана ашық әрі тең құқықты мемлекет боламыз. Алайда қосымша қаржы бөлініп, мекеме ғимаратына да жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Тексеру барысында күдікті азаматтардың ешқандай шағымдары болмады, – деп атап өтті Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы Асылтек Испусинов.