Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысы бойынша пробация қызметінің бақылауында 3 кәмелетке толмаған есепте тұр

Атырау облысы бойынша ҚАЖД қарасты пробация қызметінің есебінде 3 жасөспірім есепте тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмаған Сергей биыл Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Ол көліктің ішіндегі сөмкені ұрлап, содан кейін полиция қызметкерлеріне ұсталған. Бұл оның үшінші ұрлығы. Тіпті тергеу изоляторына да отырып келген.

“Қазіргі таңда облыс бойынша пробация қызметінің есебінде 3 жасөспірім бар. Біреуіне қатысты пробация инспекторларынан жасырынып жүруіне байланысты іздеу жарияланды, екіншісі тергеу изоляторынан босатылып, пробация қызметіне қайтадан есепке тұрып жатыр. Үшіншісі – осы Сергей,- дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Өкінішке орай, Сергейден анасының көңілі қатты қалған. Сол себепті ол баласын үйіне кіргізбей, Департамент қызметкерлерінің араласуынан кейін, Сергей ағасының үйіне қонып жүр.

Сондай-ақ осыған дейін мектептегі тәртіпсіздігі үшін мектептен шығарылған жасөспірімді пробация қызметкерлері кешкі мектепке орналастырды.

Тіпті бір жылдан кейін құжаттарын ресімдеп, оған төлқұжатын жасап берді. Енді Сергей кешкі мектепте білім алатын, өзінің төлқұжаты бар Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады.

“Пробация қызметкерлерінің қадағалауымен Сергей күн сайын сабақты қашықтықтан оқып жүр,  ол күнделікті пробация қызметіне келіп, қызметкерлеріміздің ұялы телефоны арқылы сабағын оқиды. Қазіргі таңда Атырау облысының Білім басқармасына хат жолдап,  оған ноутбук алып беру мәселесін қарастырып жатырмыз”,-дейді Манарбек Габдуллин.

Сергеймен осыған дейін де бірнеше рет кездескен ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин оған Абайдың қара сөздері жазылған кітапты сыйға тартты.

“Сергей биыл Абай атамыздың туылғанына 175 жыл толып отыр. Сол себепті саған атамыздың қара сөздерін беріп отырмын. Осыны оқысаң өз-өзіңді тәрбиелейсің, дұрыс азамат болып қалыптасасың. Сотталған Сергей мен үлгілі Сергейдің бір-бірімен айырмашылығы қандай болады? Соны осы кітапты оқи отырып, түсінесің. Біз саған бағыт-бағдар береміз. Бірақ адамның түзелуі өзінен. Сол себепті түрмеге қайта түсуге емес, түзелуге асық!,”– деді Манарбек Габдуллин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру