Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полицей көшеде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін сақтап қалды

Қостанайлық полицей алғашқы медициналық көмек көрсетіп, адам өмірін ажалдан арашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Рудный қаласының учаскелік полиция инспекторы Айдос Құлымбетов қала тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Аман қалған азаматтың жұбайы Светлана Комисарова полиция қызметкеріне ризашылығын білдірді.

“Күйеуім екеуміз таңертең шаруаларымызбен көшеге шықтық. Пионерская мен Дзержинский көшелерінің қиылысында күйеуім қатты қысылып, есінен танып қалды. Мен қатты шошыдым, себебі мұндай жағдайда не істеу керектігін білмеймін”, – деп еске алады сол оқиғаны Светлана Владимировна.

Оқиға орнынан өз көлігімен кездейсоқ өтіп бара жатқан учаскелік полиция қызметкері жағдайдың маңыздылығын тез бағалап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ер адамның есін жиғызған және содан кейін дереу ауруханаға жеткізген.

“Қазір менің күйеуім ауруханада, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ дәрігерлер  жолдасыма дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда  салдары жаман болуы мүмкін еді  деп айтты. Айдосқа біреудің қайғысына бейжай қарамай, күйеуімнің өмірін құтқарғаны үшін үлкен рахмет!”, – деп атап өтті Светлана Комиссарова.

Айдос Құлымбетов ішкі істер органдарында 5 жылдан бері жұмыс істейді және шұғыл жағдайларда жылдам шешім қабылдау оның әдетіне айналған.

Ол бұған дейін де кісі өміріне араша түскен. 2018 жылы адамдарды өрттен құтқарғаны үшін оған Ішкі істер министрі “Ерлігі үшін” медалін табыстаған болатын.

“Кез – келген жағдайда адамдарға көмектесу  менің басты міндетім”, – дейді Айдос.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру