Атырауда сотталғандарға жеткізілген сәлемдемеден есірткі табылды
Атырауда түзеу мекемесіне жеткізілген сәлемдеменің ішінен есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпан күні УГ-157/9 мекемесіне келген сәлемдемелерді тексеру кезінде Ақтау қаласынан келген бандерольдан ақ түсті ұнтақ табылды. Сондай-ақ темекінің ішіне тығылған жасыл түсті шөп анықталды.
– Аталған заттар табылған бойда мекемеге Атырау қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылды. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалды, – дейді мекеме бастығы Думан Таженов.