Атырауда үш ер адам автокөлік терезесін сындырып, 2 млн теңге ұрлап кетті
Атырауда қылмыстық топ автокөлік терезесін сындырып, 2 миллион теңге ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қазан күні 13:31 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына 35 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, сол күні сағат 12:50-13:25 аралығында белгісіз адам Kia Sportage маркалы автокөлігінің жүргізуші жақ терезесін сындырып, ішінен 2 миллион теңге ақшасын ұрлап кеткендігі жөнінде хабарлама берген.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде қала аумағында орналасқан бейнебақылау камералары арқылы жәбірленушінің көлігінің артынан Ваз-2114 маркалы автокөлігі еріп жүргендігін байқаған. Аталған автокөліктің қала аумағынан шығып кетуіне байланысты аудандарға тез арада бағыттама берілген.
Бағыттама бойынша күдікті автокөлікті Индер ауданы Жарсуат ауылынан 132 шақырым тұсынан полиция қызметкерлері тоқтатты. Ваз-2114 автокөлігін және оның 44 жастағы жүргізушісі мен 47 және 40 жастағы жолаушыларының жеке заттарын тінту кезінде автокөлік ішінен пакетке оралаған ұрланған 2 млн. теңге ақша табылып, айғақ зат ретінде тәркіленді. Олардың Орал, Ақтөбе және Шымкент қалаларының тұрғындары екендігі белгілі болды.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс тіркеліп, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған азаматтардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.