Атырауда жалдамалы пәтерінде «мефедрон» синтетикалық есірткісін сақтаған қостанайлық ұсталды
Атырауда жалдамалы пәтерінде «мефедрон» синтетикалық есірткісін сақтаған 18 жастағы қостанайлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атыраулық полицейлер «Карасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде есірткі затын сақтаумен айналысқан қостанайлық тұрғынның қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің жалға алынған үйін тінту кезінде пәтерден 5 дана түйіншектелген ерекше иісі бар есірткі тәріздес зат табылды. Күдікті, сондай-ақ, осыған ұқсас жеті орама табылған және тәркіленген орынды көрсетті.
– Сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат “мефедрон” психотроптық заты болып табылады. Есірткінің жалпы салмағы 4,28 грамды құрады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Қазіргі уақытта ұсталған 18 жастағы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 2-бөлігі, 297-бабының 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.