Атыраудағы әйелдер колониясының кітапханасы жаңа кітаптармен толықты
Атыраулық зейнеткер Мәлік Көптілеуов УГ-157/11 мекемесінің кітапханасына 100-ден астам кітап сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда әйелдер колониясының кітапханасында 6000-нан астам кітап бар. Олардың ішінде қазақ әдебиетінен бастап әлем классиктерінің шығармалары да бар. Сотталғандардың арасында айына бес кітап оқып тауысатындар да кездеседі.
– Жергілікті газеттерде Атырау тұрғындарынан мекемеде жазасын өтеп жатқан тұлғалар үшін қайтарымсыз кітаптар қабылдайтынымызды хабарлаған болатынбыз. Осыны естіген Атырау қаласының тұрғыны Мәлік Көптілеуов мекеме кітапханасына 100-ден астам кітапты сыйға тартты, – дейді мекеме бастығының орынбасары Медет Аджикулов.
Қазіргі таңда УГ-157/11 мекемесінде 150-ден астам әйел әртүрлі деңгейдегі қылмыстары үшін жазаларын өтеп жатыр.