Қарағандылық жедел уәкілдер ұрыны бейнебақылау камераларының көмегімен ұстады
Қарағандыда жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен қалта ұрысын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 ақпанда Қарағанды қаласының ПБ Жедел басқару орталығына маршруттық автобустардың бірінде белгісіз біреудің жолаушылардың бірінен құны 220 мың теңге тұратын ұялы телефонды ұрламақ болғаны туралы жедел ақпарат түсті.
Ұялы телефон кәмелетке толмаған қызға тиесілі болып шықты. Ұрлықты оның әкесі байқап қалып, ұстамақ болғанда ұры аялдамаға тоқтаған автобустан қашып шығып кеткен.
Қарағанды қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бейнебақылау камераларының көмегімен қалта ұрысының қай жерде екенін анықтап, көп ұзатпай ұстады. 19 жастағы күдікті кінәсін мойындады.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы арқылы 188-бабымен (Ұрлыққа оқталу) қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.