Атыраулық азамат мас күйінде көлік тізгіндеген
Атырау қаласында мейрамхана алдында би билеп, мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 ақпан күні сағат 03:20 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының қызметкерлері Азаттық даңғылында орналасқан мейрамханалардың бірінің тұсында белгісіз азаматтың ішімдік ішкен күйде көлікке отырғандығын байқап, патрульдік полиция қызметкерлеріне бағдар берген. Бейнежазбада жүргізушінің мас күйде билеп тұрғандығы да анық байқалады.
Бағдар бойынша жеткен патрульдік полицейлер Азаттық даңғылындағы 124-үйдің тұсынан Армения Республикасында тіркелген “Toyota Estima” автокөлігін тоқтатты. Қызылқоға ауданының 30 жастағы тұрғыны болып табылатын азаматтың наркологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша мас күйде екені анықталды.
Сондай-ақ, ол бұрын мас күйінде көлік басқарғаны үшін көлік басқару құқығынан айырылған.
Аталған азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабымен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) қылмыстық іс қозғалып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.