Атыраулық полицейлер адасып кеткен 7 жасар баланы тапты
Атыраулық полицейлер адасып кеткен 7 жасар баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 маусым күні сағат 13:54 шамасында ҚР ІІМ Атырау облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің кезекші бөліміне Атырау қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығынан 7 жасар баланың тұрғылықты мекенжайынан сағат 11:00 шамасында шығып кетіп, хабар-ошарсыз жоғалғанын хабарлады.
Атырау облысы МКҚБ ММ полиция батальоны командирінің орынбасары Ерлан Сарсенғалиев және Атырау облысы МКҚБ ММ полиция батальонының взвод командирінің көмекшісі Нұртаза Тұяқбаев аталған хабарлама бойынша іздестіру шараларын жүргізді. Тиянақты жүргізілген шаралардың арқасында санаулы минуттар ішінде полицейлер Атырау ықшам ауданы Нұрлы-жол көшесі бойынан жоғалған жасөспірімді адасып кетіп, жылап жүрген жерінен тапқан. Тәртіп сақшылары табылған баланы ата-анасына аман есен табыстады.
– Баласы жоғалғандағы ата-ананың жағдайын әр адам түсіне алады деп ойлаймын. Полиция қызметкерлерінің шапшаң, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет етуінің арқасында баламыз табылып, отбасымыз қуанышқа бөленді. Өздерінің істерінде біліктілік танытып, адал қызмет көрсеткен тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз, – деді баланың анасы Нұргүл Үсенова.