Атыраулық полицейлер оқушыларға экскурсия ұйымдастырды
Атыраулық полицейлер оқушыларға экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының полицейлері «Мен және менің полицейім» акциясы аясында №42 мектеп оқушыларына бір күнін арнап, полиция жұмысымен таныстырды.
Акция барысында оқушылар Жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы арқылы мектептер, көше қиылыстары мен көпқабатты үйлердің аулаларында орнатылған бейнекамералардың жұмыстарын көрді.
Сонымен қатар, қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығында экскурсия ұйымдастырылып, ұрланған заттарды, жасырылған есірткі заттарын анықтайтын иісшіл иттер мен оларды бағатын полиция қызметкерлерінің жұмысымен, жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік қызметкерлердің қызметтік автокөліктерін жұмысымен таныстырылды.
Сондай-ақ, облыс көлеміндегі білім беру ұйымдарында балаларға қоғамдық орындардағы, жолдардағы жүріс тұрыстың, таныс емес адамдармен қарым-қатынас жасау кезінде мінез-құлықтың негізгі ережелерін үйрету мен «Полиция –дос және қорғаушы» тақырыбында әңгімелесу, дәрістер өткізді.
Тәртіп сақшылары оқушыларды Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторындағы қылмыс жасаған күдікті ретінде отыратын камералардың, демалыс орындармен, тергеу бөлмесімен таныстырып шықты. Сондай-ақ, жасөспірімдерге қылмыстың өтеуі жаза екендігі, яғни қылмыс жасаған кезде күдікті ретінде камераларға қамалатындығы жете түсіндірілді. Ал мектеп оқушылары полиция бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысып, өздеріне керекті, қызықтырған түрлі сұрақтарын қойып, мағлұмат алды.
Полицейлердің жұмыстағы қиындығы мен нәтижесін көзбен көрген оқушылар арасында тәртіп сақшысы болғысы келетін балалар да аз емес екен. Солардың бірі 9 сынып оқушысы Алдияр Маннап.
– Мен осы акция арқылы полицей боламын деген арманыма бір қадам жақындадым деп ойлаймын. Біз бүгін сақшылардың қызметін өз көзімізбен көрдік, осындай экскурсиялар арқылы болашақта әрбір өскелең ұрпақ еліне жеріне адал қызмет етуі керек екендігін түсінеді деп ойлаймын. Қазір мен полицияның қызметтік көлігіне отырғаныма қуанып тұрмын. Осындай мүмкіндік берген тәртіп сақшыларына алғысым шексіз, – деді болашақ полицей Алдияр.
Атыраулық полиция қызметкерлері шараның басты мақсаты – жасөспірімдерді полиция қызметінің қыр-сырымен таныстыра отырып, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, полицей боламын деп армандайтын оқушыларға бағыт-бағдар беру екеін айтты.
Осылайша тәртіп сақшылары мен оқушылар ашық пікір алмасып, кездесті. Алдағы уақытта жасөспірімдермен профилактикалық іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады.