Атыраулық полицейлер ұлттық спорт түрлерінен сайыс өткізді
Атырау облысында 16 желтоқсан қарсаңында Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында полицейлер арасында спорттық іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайысқа басқарма аппараты және полиция батальонының қалалық, аудандық взводтарының қызметкерлері қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР ІІМ Атырау облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы Кадр саясаты бөлімшесінің басшысы Гауһар Елтаева сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнир тәуелсіздік құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Жарыс ұлттық ойындардың бес түрінен ұйымдастырылды: қол күресі, гір көтеру, ләңгі тебу, асық ату және арқан тартыс.
Бәсекеге толы спорттық сайыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте полиция батальонының 1 взводы бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ іс-шара барысында ерекше көзге түскен полиция аға лейтенанты Ержан Бергариев, полиция старшинасы Дулат Балимов, полиция старшинасы Нұрболат Ермеков алғыс хатпен марапатталды.
– Біз үшін ұлттық ойындардың орны бөлек. Бұл тек ұлттық спортты жаңғыртуға ғана емес, ұлттық брендті қалыптастыру, елдің рухын серпілтуге арналған шара, – деді ҚР ІІМ Атырау облысы МКҚБ полиция батальоны командирінің орынбасары Дастан Қонаш.