Атыраулық полицейлер жарты миллион теңгенің тауарын иесіне қайтарды
Атырау қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері қала тұрғынына белгісіз көлікте ұмыт қалдырған екі қалта затын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 2 қараша күні болған. Вокзал маңында орналасқан №61 полиция бекетіне келген азаматша маркасы, нөмірі белгісіз ақ түсті такси көлігінің жүк салғышына құндыз бөріктер салынған екі қалтасын ұмытып кеткенін, көлікте өзінің ақ күртемен отырғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұраған.
Патрульдік полиция қызметкерлері Ілияс Алтынбекұлы мен Досжан Қанатов дереу Жедел басқару орталығымен байланысқа шығып, орталықтың бейнебақылау инспекторы Тастемір Амиржановпен бірге азаматшаның айтқан уақыты мен жүрген бағыттары бойынша бейнебақылау камераларының жазбаларынан жолаушысы ақ күртемен отырған ақ түсті көлікті іздестірген.
Ұзамай қаптаған көлік нөпірі арасынан іздеген көлік те табылып, мемлекеттік нөмірі арқылы иесінің мекен жайы да анықталды.
– 65 жастағы көлік жүргізушісі жолаушысының жүк салғышта қалталарын ұмытып, тастап кеткенінен бейхабар болып шықты, – дейді Ілияс Алтынбекұлы.
Ең бастысы, құны 500 мың теңгеден асатын құндыз бөріктері табылған азаматшаның қуанышында шек жоқ.Ол полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.