Әуежай маңында құқық бұзушылық жасаған 30-дан астам жүргізуші жауапқа тартылды
Әуежай маңында құқық бұзушылық жасаған 30-дан астам жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта жастар арасында түнгі уақытта Атырау қаласы Х. Доспанов атындағы Атырау халықаралық әуежайының автотұрағында жаппай жиналу жиі орын алуда. Жиналған уақытта автокөліктерімен жол қозғалысына қауіпті маневрлер жасау, асфальт жабынын бүлдіру, көлік құралының конструкциясына сәйкес келмейтін сыртқы жарықтандыру аспаптарын қолдану, көлік құралын жүргізу құқығы жоқ күйінде басқару, көлік құралына арнаулы дыбыстық сигналдарды қолдану ережелерін бұзу т.б. құқық бұзушылықтарға жол беруде.
Осыған байланысты Атырау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлерімен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда, өткен аптаның демалыс күндері аталған орында құқық бұзушылыққа жол берген 30-дан астам жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, 22 тамыз күні BMW маркалы автокөлігінің жүргізушісі автокөлігін орнында айналдырып, қауіпсіздік талаптарын сақтамай, маневр ережелерін бұзып, асфальт жабынын бүлдіргені және көлік құралын техникалық байқаудан өтпеген күйінде басқарғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 595 бабының 1-бөлімі, 630-бабының 1-бөлімі және 590-бабының 9-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қысқартылған тәртіппен 17 502 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Одан басқа, 23 тамызға қараған түні сағат 01:05 шамасында Lada маркалы автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісі көлік құралына арнаулы дыбыстық сигнал орнатқандығы анықталды.
Аталған жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 603-бабының 2-бөліміне сәйкес дыбыстық құрылғысы тәркіленіп, жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін Атырау қаласының әкімшілік істер бойынша мамандандырылған сотына жолданды.
Бұл бағыттағы жұмыстар патрултдік полиция қызметкерлерімен жалғасын табуда.