Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті

Қарағанды облысы Полиция департаментінің жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайында ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1979 жылдың 25 желтоқсанында Кеңес әскерлері Ауғанстан Демократиялық Республикасына (АДР) кірген кезде соғыс қимылдары он жылдан астам уақыт жалғасатынын ешкім білген жоқ.

Ауғанстанға қызметке шақырылғандар және соғыс болып жатқан елге іссапарға жіберілгендер көп еді. Ауғанстанда жергілікті ішкі істер органдарына көмекке жіберілгендер қатарында Қарағанды облысының көптеген милиция қызметкерлері де болды.

Ауған соғысының басталғанына 41 жыл толуына орай Ауған соғысына қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлері Қарағанды облысының ПД жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайына қонаққа келді. Бұлар Талғат Хасенов, Геннадий Афанасьев, Төлеуғазы Мұсатаев секілді ауған соғысы және ішкі істер органдарының ардагерлері еді. Әрқайсысының өз өмірбаяны, өз тағдыры бар. Бұл азаматтар АДР-дағы ұрыс қимылдарының қатысушылары және интернационалдық борышын өтегеннен кейін ішкі істер органдарында қызмет етіп, ұзақ жылдар бойы  әріптес болғандар.

Талғат Хасенов Ауғанстанда 1986 жылдан 1987 жылға дейін артиллерия батальонының жүргізушісі болған. Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін сырттай бітірген. Ол өзінің қызметін жедел уәкіл ретінде бастап, қылмыстық іздестіру бөлімінде жиырма жылдан астам жұмыс істеген. Ол милиция кіші лейтенантынан полиция подполковнигіне дейін өсті. Қазір Т.Хасенов облыстағы ауған соғысы  ардагерлері мен мүгедектері одағын басқарады.

– Біз үшін кеңес әскерлерін АДР-ға енгізу күні – еске алу күні. Сарбаздарымызды, қызметкерлерімізді, қаза тапқандар мен бүгін өмір сүріп жатқандарды еске алу. Қазір біз мұражайға қылмыстық іздестіру бөлімінің ардагері милиция полковнигі Досбек Адамбековты, әділет полковнигі Жақсыбек Тюсютовті, Қарағанды полиция бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Дмитрий Прокоповичті, Қарағанды облысының жеке батальонының взвод командирі Бүркіт Алпысбаевты еске алу үшін жиналдық. Олардың барлығы Ауғанстан соғысының ардагерлері. Досбек Адамбеков ол елде үш жыл кеңесші ретінде қызмет өткерді. Әділет полковнигі Жақсыбек Тюсютов та 1982 жылы АДР-да іссапарда болған. Ол 1968-1997 жылдар аралығында құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Дмитрий Прокопович АДР-да КСРО Ішкі істер министрлігінің жедел қызметкері ретінде жіберілді. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Іссапар кезінде ол қатты ауырып, ауруханада қайтыс болды. Бүркіт Алпысбаев Ауғанстанға әскерге шақырылды. Ол өзін батыл жауынгер, сенімді жолдас ретінде көрсетті. Ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазір олардың ешқайсысы тірі емес, біз олардың рухына тағзым етеміз. Біз КСРО дәуіріндегі соңғы соғыстың соңғы ардагерлеріміз. Біздің міндетіміз – жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Барлық ер адамдар әскери борышын өтеуі керек, қажет болған жағдайда өз Отанын қорғауы керек, – деді Талғат Хасенов.

– Қарағандыда туып-өстім, орта мектепті бітірген соң әскер қатарына шақырды. Мені «ауған» батальоны құрылып жатқан Талдықорғанға жіберді. Содан кейін бізді Түркменстанға апарды, мұнда бізді бір ай жаттығуларда «сынап көрді». Көп ұзамай батальон Ауғанстанға ауыстырылды, онда біз Кандагар қаласында болдық. Ұрыс қимылдарына пулеметші, бронетранспортер жүргізушісі ретінде қатыстым. Соғыстан оралған соң мені Қарағанды облысы ІІБ жол полициясы арнайы взводына шақырды. Онда төрт жыл жұмыс істеп, содан кейін соғыста алған жарақаттың салдарынан зейнетке шығуға мәжбүр болдым, – дейді Геннадий Афанасьев.

Төлеуғазы Мұсатаев Ауғанстанда 1986-1988 жылдары әскери борышын атқарған.

– Үйге оралғанда мен Қарағанды педагогикалық институтына түстім. Оны бітіріп, құқық қорғау органдарына қызметке келдім. Алдымен жедел кезекші, содан кейін учаскелік полиция инспекторы ретінде. 2009 жылдан бері зейнет демалысындамын, – деді ол.

Ауған соғысының куәгерлері жас қызметкерлерге елге адал қызмет етіп, үлгі аларлық азамат болып қалыптасуларын тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру