80 жастағы қарияға қарақшылық шабуыл жасалды
Қарияға жасалған қарақшылық шабуылды Шығыс Қазақстан облысының криминалдық полиция қызметкерлері анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 25 ақпан күні болған. Ауыр қылмыс жасалғаны жөнінде арыз Алтай аудандық полиция бөліміне түскен.
Белгісіз екеу Серебрянск қаласында тұратын зейнеткердің үйіне тұтқиылдан кіріп келген. Қолдарындағы пышақпен және сенекпен қорқытқан олар қарияның 33 мың теңгесін алып кетіпті.
Қылмыстың ізін суытпай ашу үшін ШҚО ПД криминалдық полиция басқармасының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
Соның нәтижесінде күдіктілер де көп ұзамай ұсталды. Бірінің жасы 29-да болса, екіншісі – 30-да. Екеуі де Алтай ауданының тұрғындары. Бұрын сотталмаған. Қазір қарақшы деген күдіктілер уақытша изоляторға қамалды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.