“Автобус” ЖПІШ: Түркістан облысында бір күнде 17 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Түркістан облысының полицейлері тәулік ішінде қоғамдық көлік жүгізушілеріне қатысты 17 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 ақпан мен 2 наурыз аралығында Түркістан облысының аумағында республикалық “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шара аясында тыңғылықты жұмыс жүргізген Отырар ауданының учаскелік полиция инспекторлары мен жол-патрульдік полиция тобының қызметкерлері тәулік ішінде жалпы 17 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Оның ішінде жолаушыларды заңсыз тасымалдау бойынша – бір, заңсыз қайта жабдықтаудың – бір, автокөлікте ұялы телефон қолдану қағидасын бұзудың – 7, жол қозғалысында маневр жасау қағидаларын бұзған төрт дерегі тіркелсе, жүргізушінің көлік құралын мас күйде басқару бойынша бір құқық бұзушылықты анықтады. Бұған қоса, жол-көлік оқиғасын болдырмау, оның алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол ережесі жазылған 1,2 мың буклет таратты.
Сондай-ақ, аталған шара барысында Қазығұрт ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері де өз міндеттерін атқаруда. Осындай кезекті жұмыс күнінде полицейлер ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушіні дер кезінде тоқтатып, болуы мүмкін жол апаттарына тосқауыл қойды. Яғни, полицейлер кешкі сағат 19:00 шамасында күнделікті жұмыстарын жүргізу барысында күдік тудырған Opel Zafira автокөлігін тоқтатты. Тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Содан соң полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізушінің мас екені анықталды.
Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеліп, заңды шешім қабылдау мақсатында жинақталған іс-құжаттар Қазығұрт аудандық сотына жолданды.