Автобус жүргізушілері жол берген 341 құқық бұзушылық анықталды
Маңғыстау облысының аумағында 2021 жылдың 20-22 қаңтары аралығында “Автобус” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – облыстың республикалық және жергілікті маңызға ие тас жолдарында автобус жүргізушілерінің қатысуымен орын алатын жол апаттарын болдырмау, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер арасында көліктік тәртіпті арттыру және жүргізушілердің тасымалдау қағидаларын сақтауына бақылауды күшейту.
Үш күнге созылатын іс-шараның алғашқы күнінде облыс бойынша автобус жүргізушілері жол берген 341 құқық бұзушылық анықталып, 10 автобус арнайы тұраққа қойылды.
Автобус жүргізушілерінің басым көпшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы (Маневр жасау қағидаларын бұзу) және 591-бабы (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар, заңсыз қайта жабдықталған 17 автобус анықталып, 35 қоғамдық көлік міндетті техникалық тексеруден өткізілмеген болып шықты.
Тәртіп сақшылары барша қоғамдық көлік жүргізушілерін жолда сақ болуға және ережелерді қатаң ұстануға шақырады.