Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Автобуста телефон ұрлап кеткен қалта ұрысының әрекеті әшкереленді

Автобуста қалта ұрысы «ізін суытпай» ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласы Полиция басқармасының 1-полиция бөліміне 39 жастағы азаматша облыс орталығындағы маршруттық автобустардың бірінде орын алған қалта ұрлығы туралы арызданған. Өз шағымында автобуста белгісіз адам кәмелетке толмаған қызының күртешесінің қалтасынан «Sаmsung A10» маркалы ұялы телефонын жасырын ұрлап кеткенін айтқан.
Тараз қ. ПБ 1-ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері қоғамдық көлікте қалта ұрлығын жасаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Ол бұрын осындай қылмыстары үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған 20 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

Қалта ұрысы қылмыстық әрекетін жолаушылар толы автобустарда немесе аялдамаларда көлік күтіп тұрған адамдар арасында іске асырған. Қаскүнем жиналғандардың арасына сығылыса кірген түр жасап, қала тұрғындарының әмияндары мен ұялы телефондарын ұрлаған.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтарды автобустарда және қоғамдық орындарда жеке заттарына мұқият және ұқыпты болуға, ұялы телефондарын сыртқы қалтаға салмауға және сөмкелерін көз алдында ұстау қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру