Аялдаманың әйнегін сындырған павлодарлық ұсталды
Аялдаманың әйнегін сындырған павлодарлық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сағат 05:30 шамасында 102 операторының пультіне ер адам Ак. Сәтпаев көшесіндегі аялдаманың әйнегін сындырды деген шақырту келіп түсті.
– Келген полиция қызметкерлері ер адамның мас күйінде болғанын, ашуланғаннан аялдаманың әйнегін ұрғанын анықтады. Құқықбұзушы ұсталды, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотқа жіберілді, – деді Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің жергілікті полиция бастығы Мақсат Сарин.
Полиция әкімшілік жазадан басқа, ер адамның аялдама әйнегін қалпына келтіруге тура келетінін атап өтті.
Айта кету керек, жылдың басынан бастап Павлодар полицейлері ұсақ бұзақылықтың 816 фактісін анықтады, оның ішінде 342-сі Павлодар қаласында. Барлық бұзақылар Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жазаланды.