Аяқкиімге телефон жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған Ақтөбе азаматы анықталды
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты Nº70 мекемесіне қамауға алынғандарға әкелген сәлем-сауқаттарды тексеру кезінде қысқы аяқкиімнің табанына жасырылған L8STAR телефон, SIM-карта, ақ түсті USB құрылғысы және қара түсті сымсыз құлаққап табылып, тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Заңға қарсы іс-әрекетке бармақ болған күдікті 36 жастағы азамат екені анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен басқа да заттарды беру бойынша материал жасалып, өткізбек болған азаматқа қатысты шешім қабылдау үшін іс сотқа жолданды.
– Режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мекемеге келген сәлемдемелерді тексеру барысында тыйым салынған заттарды анықтады. Ақтөбелік азамат кінәсін толық мойындады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, іс Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді, – дейді №70 мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов.
Ақтөбе облысы ҚАЖ департаментінің басшылары өңірде тыйым салынған заттардың режимдік аумаққа енуіне жол бермеуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. Өңірде 2023 жылы барлығы 27 мың теңге көлемінде ақша, 18 телефон, бір пышақ, 15 SIM-карта, 7 телефон қуаттағыш құралы, бір құлаққап және бір флэшкарта тәркіленді. Сот қаулысы бойынша 15 азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды.