Аяз ата кейпіндегі полицейлер қаза тапқан әріптестерінің балаларын құттықтады
Ескелді ауданының полицейлері сыйлықтар апарып, қайтыс болған әріптестерінің балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ескелді ауданы полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы тәттілер мен сыйлықтар апарып, қызметкерлердің балаларын құттықтады. Аяз ата мен Ақшақар кейпіне енген полицейлер тобы мерекелік құттықтауларды қаза тапқан әріптестерінің үйлерінен бастады.
– Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөз бар. Біз бүлдіршіндерді құттықтау рәсімін өзіміздің әріптесіміз болған, қазір арамызда жоқ қызметкерлердің отбасыларынан бастауды жөн көрдік. Олардың балаларына тәттілер, ал жұбайларына гүл дестесін табыстадық. Әке жолын жалғайтын өжет ұлдардың ер жетіп келе жатқаны қуантады. Жаңа жыл құтты болсын!, – деді Ескелді ауданы ПБ бастығының орынбасары Нұрлан Солтубеков.
Аяз ата мен немересін ерткен полицейлер бүгін 2017 жылы қайтыс болған табиғат қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Ермолдин Саят пен биыл өмірден өткен әріптестері кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор капитан Қуаныш Рахметовтің көпбалалы отбасына барып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Бұл бір реттік шара емес. Біз арамыздан ерте кеткен әріптестеріміздің отбасыларына қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз. Балалардың жүзіндегі бүгінгі қуаныш пен күлкі барлық қиыншылықты ұмыттырып жібергендей болды, – деп толықтырды Нұрлан Солтубеков.