Байқоңырда пробация қызметінің есебіндегі 23 сотталғанға рақымшылық жасалды
Байқоңырда пробация қызметінің есебіндегі 23 сотталғанға рақымшылық жасалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебіндегі 23 сотталғанға рақымшылық жасау қолданылды. Оның ішінде 8 сотталған жазаны одан әрі өтеуден босатылса, қалған 15 сотталғанға қатысты негізгі жазалары әртүрлі мерзімдерге қысқартылып, сот қаулылары толықтай заңды күшіне енген.
Мысалы, сотталған А. есімді әйел ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасап, сот үкімімен оған бас бостандығын шектеу түріндегі қылмыстық жазаға сотталып, оның мінез-құлқы мен жүріс-тұрысын бақылау Байқоңыр қалалық пробация қызметіне жүктелген.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңның 1-бабында – 18 жасқа томаған балалары бар әйелдердің әлеуметтік жағынан осал адамдарға жататындығы көрсетілген. Рақымшылық жасау туралы Заң талаптарына сәйкес, азаматшаның он сегіз жасқа толмаған төрт баласы бар болуына байланысты оның ауырлығы орташа қылмысымен келтірілген мүліктік залалды толық өтелмегеніне қарамастан, Байқоңыр қалалық пробация қызметі тарапынан іс-құжаттар Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотына жолданған.
Сот отырысында сотталған әйел өзінің жасаған қылмысына қынжылып, өкініп, жаза өтеу мерзімінде өзінің дұрыс мінез-құлқымен өзінің түзелгендігін айтып, енді ешқандай қылмыстық құқық бұзушылыққа бармайтындығын жеткізде. Нәтижесінде, Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотының қаулысымен сотталған А. есімді азаматшаны жазаны одан әрі өтеуден босатылған.
Қазіргі күнге Байқоңыр қалалық пробация қызметі тарапынан «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын жазасын өтеуші сотталғандарға қатысты қолдану толығымен аяқталды.