Байқоңырда жаза өтеу тәртібін қасақана бұзған азаматшаға қатысты сотқа ұсыным жіберілді
Пробация қызметінде есепте тұрған адамдардың қайтадан құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу бойынша полиция бөліністерінің және пробация қызметтерінің өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында 2021 жылғы 15-24 наурыз аралығында республика аумағында «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шара кезінде Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-бөлігімен (Билік өкiлiнің өз қызметтік мiндеттерiн атқаруына байланысты не қызметтік міндеттерін орындағаны үшін одан кек алу мақсатында оған немесе оның жақындарына қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру) бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталған азаматшаның жаза өтеу тәртібін қасақана бұзуға жол бергені анықталып, 2021 жылғы 15 наурызда оған қатысты Қызылорда облысы Байқоңыр қалалық сотына бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы ұсыным жолданды.
Аталған азаматша пробация қызметіне белгіленген күндері тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін дәлелсіз себептермен бірнеше рет келмеген. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің талаптары бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға сотталған адамның пробация қызметіне белгіленген күндері дәлелсіз себептермен бірнеше рет келмеуі жаза өтеу тәртібін қасақана бұзу болып табылады.