Балалар колониясында соңғы қоңырау соғылды
Балалар колониясында сотталған балалар үшін соңғы қоңырау соғылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде №3 жалпы білім беретін орта мектеп жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылын биыл барлығы 37 оқушы аяқтады. Оның ішінде 23 бала қазақ бөлімінде, 14 бала орыс бөлімінде оқыды.
Аталған мектептің оқушылары алдағы уақытта қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша білім алушылардың бағдарлама мазмұнын меңгеруін бағалау ретінде өткізілетін аралық аттестаттауға қатысып, 7-10 сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында емтихан тапсырады. Сондай-ақ 9 және 11-сыныптар негізгі және жалпы орта деңгейде білім беру курсы бойынша мемлекеттік емтихандарға қатысады.
Биылғы оқу жылында 10 бала 9-сыныпты аяқтағаны туралы және 8 бала жалпы орта білім туралы аттестат алады.
Оқу жылының аяқталуына байланысты мектепте ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен “Білімім Отаныма” тақырыбында біріңғай сынып сағаттары өткізілді. Отанымызға білімді ұрпақтың қажеттігін, сапалы білімнің маңызын, саналы тәрбиенің мәнін оқушылар бойына сіңіру мақсатындағы сынып сағаттары дискуссия, квест ойыны сияқты әртүрлі форматта жүргізілді.