Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында кадет сыныбына батыр-полицейдің есімі берілді

Алматы облысы Қонаев қаласының № 4 орта мектебіндегі кадет сыныбына қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан полицейдің есімі берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға полиция мамандығының маңыздылығы және қызметтің ерекшеліктері туралы айтып берді.

– Учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Ғалым Тәттібеков 2008 жылы құқық қорғау органдарынан жасырынуға тырысқан бұзақыны ұстау кезінде қаза тапты. Сол қайғылы күні қалалық жағажайда жастар фестивалі өтіп жатқан. Іс-шараға екі мыңнан астам адам қатысты. Екі жас арасындағы ауызша қақтығыс кезінде біреуі атыс қаруынан екіншісін жарақаттады. Онда қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту бойынша нарядтар қатарында болған Ғалым Тәттібеков атысты бірінші болып естіп, жеке құрамды бағдарлады. Қылмыскер жасырынуға тырысып, полиция қызметкерлеріне оқ жаудырды. Оны ұстау әрекетін жасағанда төрт қызметкер оқтан жарақат алды. Ғалым Тәттібеков ауыр жарақаттанды. Өкінішке орай алған жарақаты салдарынан тәртіп сақшысы мерт болды, – деді Қонаев қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Дәурен Козбаков.

Іс-шара барысында оқушыларға Ғалым Тәттібековтің ерлігі туралы айтылды. Жиналғандар полицейді бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Ғалым Тәттібеков 30 жасында қайтыс болды. Іс-шараның басты мақсаты – жастарды патриоттық сезімге баулу, Отанға қызмет етуге жан қиған батырлардың ерлігін дәріптеу, оқушылар арасында шынайы патриотизм сезімін қалыптастыру және дамыту. Біз жас ұрпақтарымыздың болашағы үшін абыроймен қызмет етіп, өмірін құрбан еткен әріптестеріміздің іс-әрекеттерін құрметтеп, есте сақтауымыз керек, – деп толықтырды Д.Козбаков.

Сонымен қатар мектепте қаза тапқан қызметкерді еске алу үшін естелік тақта мен “Ерлік бұрышы” ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру