Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде полицейлер оқушылардың жазғы демалысы қарсаңында профилактикалық кездесу өткізді

Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыстың басталуы қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласында мектеп және колледж оқушыларына кездесу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Болашақ.Қоғам.Тұлға” тақырыбында өткен шараға Ақтөбе облысы полиция департаментінің және білім басқармасының басшылығы, қоғам қайраткерлері мен белгілі тұлғалар қатысты. Кездесу барысында Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың жай-күйі мен себеп-салдарын баяндай отырып, жасөспірімдерді зиянды әдеттерден аулақ болуға, ата-аналардың үміті мен сенімін ақтауға шақырды.

Скутерлер мен мопедтер басқарған жастардың жол-көлік апаттарынан алатын жарақаттары, өңірде орын алып отырған жасөспірімдердің өзіне қол жұмсау деректері мен себептері сияқты қоғамдағы өзекті мәселелер де полицейдің назарынан тыс қалған жоқ.

Ашық диалог сипатында өткен шара барысында қатысушылар спикерге өздерін толғандырған сұрақтарын жолдады, оның ішінде жастар мен ата-аналар қоғам дертіне айналып бара жатқан лудомания, сондай-ақ мопедтер қозғалысына қатысты сауалдарын қойып, тәртіп сақшысымен бірге талқылады.

Кең ауқымды кездесу барысында белгілі тарихшы-педагог Айшуақ Дәрменұлы, “Ақтөбе” футбол клубының басқарма төрағасы Азамат Шайхы, облыстық драма театрдың режиссері Мейрам Хабибуллин,  сарапшы Данияр Диханбаев жастарға ұлттық және адами құндылықтар, жігер мен намыс, жетістікке жету жолдары, әдеп пен әдет, батылдық пен батырлық туралы ғибратқа толы әсерлі әңгімелер айтты.

Спикерлердің өз тәжірибелері мен көрген-түйгендерінің негізінде баяндаған парасатты пайымдары мен өзекті тұжырымдары жастардың көңілінен шығып, қошеметіне бөленді. Сонымен қатар елін қорғайтын, адалдықты қолдайтын азаматтар қатарын арттыру мақсатында шара соңында полиция қызметкерлері жастарды полицияға қызмет етуге шақырып, ішкі істер органдарына жұмысқа кіру тәртібі мен талаптары туралы толық айтып берді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру