Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Балалы үй – базар»: көпбалалы полицей отбасы туралы айтып берді

Көпбалалы әке, полиция қызметкері Қасымқұл Қалиев отбасы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қасымқұл Қалиев ішкі істер органдарындағы қызметін 22 жыл бұрын бастаған. Бүгінде ол Ақтөбе облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында инспектор-кинолог болып қызмет етеді. Өзі ауылда туып-өскендіктен, жеті қазынаның бірі саналатын итпен тіл табысу полицейге мүлде қиын болмаған. Қызметтік иттерді күтіп-баптау мен бейімдеу ісінде бүгінде ол тәжірибелі, әрі теңдессіз маман.

– Мектеп бітірген соң, заң колледжінде оқып жүрген кезімде, полицияда қызмет етуге шешім қабылдадым. Ол кезде полицияға кіру үшін әскерге бару міндетті болатын. Әскерден келген соң, мақсатыма жетіп, полиция саласына келдім. Қызметтік иттермен жұмыс жасағаныма 20 жылдай уақыт болды. Менің тәжірибемде олардың көмегімен көптеген ауыр қылмыс ашылып, талай қылмыскерлер құрықталды, – дейді Қасымқұл Қалиев.

Бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласында жас кәсіпкердің өз көлігінде атып өлтірілу дерегі де Қасымқұлдың баптаған қызметтік итінің көмегімен ашылған. Оқиға орнынан алынған заттай айғақтардың иісімен күдіктіні бірден таныған қызметтік иттің әрекетінен кейін, кінәлі жігіт өз қылмысын бірден мойындап, түсініктемелері мен қылмыс құралдарын да ұсынған.

2005 жылы полицей жігіт Алматының аруы Жазирамен шаңырақ көтерді. Бүгінде олар сегіз баланың ата-анасы. Балалардың үлкендері мектепке оқыса, кішілері балабақшаға барады.

– Өзім де, жолдасым да көпбалалы отбасынанбыз. Үлкен шаңырақта қашан да береке болады деп есептейміз. Сондықтан, екеуміз де сәбилердің шуақты күлкісіне толы көпбалалы отбасы болсақ деп армандадық. Қазақта «Әр баланың өз несібесі бар» деген бар. Балаларымыздың үлкендері кішілерін күтіп-бағып, ата-анасына көмектесіп жүреді. Әрқайсысының өз қызығушылығы бар, бірі спортқа жақын, бірі қобызда ойнайды, – деп жымияды тәртіп сақшысы.

Таза ауада демалу – бұл отбасының сүйікті ісі. Балаларын жастайынан еңбекке баулу, бос уақыттарын пайдалы, әрі таза ауа аясында өткізуі үшін олар жыл сайын қала сыртындағы саяжайындағы бау-бақшаны бірге күтіп баптайды. Бір-біріне бауырмал, әрі жан-жануарларды жақсы көретін кішкентайларын полицей әке кейде жұмыс орнына апарып, қызметтік иттерді көрсетіп те қуантып қояды. Ал шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған жарының мамандығы – жобалаушы, бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста.

«Балалы үй – базар» деп есептейтін отағасы өзі сүйіп атқаратын тұрақты жұмысы мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар – өз отбасының, балаларының болашағына деген сенімін арттыра түскенін айтады. 2012 жылы полицейдің отбасына Ақтөбеде қаласынан мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер берілген. Қазіргі таңда полиция қызметкерлеріне пәтерақы шығындарының мемлекет тарапынан төленуі көпбалалы отбасына қолдау болып, болашақта олар тұрғын үйін кеңейтуді де жоспарлап отыр.

– Отбасымның қолдауы, жұмыстан шаршап келгенде балаларымның алдымнан жүгіріп шыққанынан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Кез келген ата-ана балаларының болашағы жарқын болса, сүрінбесе, құламаса деп армандайды. Ал оларды адал, әрі саналы азаматтар етіп тәрбиелеу – біздің ата-аналық борышымыз деп есептеймін, – деп тұжырымдайды көпбалалы әке Қасымқұл Қалиев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру